Новости

МҰРАТ МҰСТАФАЕВ: «БҮГІНГІ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕРІМІЗ – БАТЫЛ БАСТАМАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІ»

МҰРАТ МҰСТАФАЕВ: «БҮГІНГІ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕРІМІЗ – БАТЫЛ БАСТАМАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІ»

Талай сындарлы кезеңдерден сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның жеткен жетістігі бүгінде аз емес. Ел экономикасының дамуында қара алтынның алар орны айрықша. Осы орайда, аталмыш саланың өркендеуіне талай жыл еңбек сіңіріп, мұнай-газ саласының зерттелуі мен өндірілу үдерісіне үлес қосқан азаматтарымыздың еңбегінің орасан екендігін айта кеткен жөн. Газетіміздің осы санында «КазНИПИмұнайгаз» АҚ бас директоры – Мұстафаев Мұрат Кеңесбайұлымен әңгімелескен болатынбыз. Сол сүбелі сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мұрат Кеңесбайұлы, әңгімемізді өзіңіз басшылық етіп отырған «КазНИПИмұнайгаз» АҚ қысқаша даму тарихынан бастасақ.

«Қазақ мұнай-газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты»  акционерлік қоғамы («КазНИПИмұнайгаз» АҚ) – мұнай-газ кен орындарын игеру саласында кең көлемде ғылыми-зерттеу және жобалау-ізденіс жұмыстарын жүзеге асырушы Қазақстандағы алдыңғы қатарлы институттардың бірі болып табылады.

«Қазақ мұнай-газ ғылыми-зерттеу және жобалау институтының» құрылу тарихы өткен жүзжылдықтың жетпісінші жылдарынан бастау алады және Қазақстандағы мұнай және газ кенорындарының басым көпшілігінің ашылуымен тығыз байланысты.  Еліміздің батыс аймағында мұнай өнеркәсібінің қарыштап дамуы көп ұзамай іс жүзіне асырылған ірі кешенді ғылыми-зерттеу және жобалау институтын құруды кезек күттірмейтін мәселе ретінде күн тәртібіне қойды. 1964 жылы Маңғышлақ түбегінің мұнайлы аудан ретінде белгілі бола бастауы Бүкілодақтық мұнай-газ ғылыми-зерттеу институтының (ВНИИнефть) бөлімі ретінде Маңғышлақ мұнай экспедициясының құрылуына сеп болды. Аталмыш экспедицияның мақсаты Маңғышлақ түбегінде мұнай барланған жерлерді анықтау, өндіріс орындарының жұмысын ұйымдастыру сынды маңызды мәселелер болатын. Мекеме 1970 жылы КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің Қазақ мұнай ғылыми-зерттеу және жобалау институты болып ресми түрде бекітілді.

2015 жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» Акционерлік қоғамының Инженерлік орталығы «КазНИПИмұнайгаз» құрамына енгізілді. Бұл интеграция иституттың сандық және сапалық көрсеткіштерін күшейтіп қана қоймай, ғылыми –зерттеу және жобалау жұмыстарымызда геологиялық және гидродинамикалық моделдердің кеңінен жасақталып енгізілуіне және жер қойнауын игерушілермен бірігіп геолого-техникалық іс-шараларды жүзеге асыруға оң ықпалын тигізді.

Қазіргі таңда «КазНИПИмұнайгаз» акционерлік қоғамының негізгі әрі жалғыз акционері Казмұнайгаз ұлттық компаниясының «Өндіру және бұрғылау технологиясы» ғылыми-зерттеу институты болып табылады.

Елу жылға таяу тарихы бар Институттың жеткен жетістіктері аз емес, ғылыми және өндірістік қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Мамандардың саны өсті, жергілікті ғылыми қызметкерлерді дайындау жүйесі жасақталды. Ғылыми-зерттеу орталығы ашылды, әкімшілік-өндірістік ғимарат, керн сақтау қоймасы бар зертханалық орталық құрылысы жүріп жатыр. Мамандардың негізгі күші болашағы бар телімдерді зерттеуге, геологиялық барлау жобаларына мониторинг жасауға, кенорындарын өңдеу және қабаттардың мұнай беру мүмкіндігін жоғарылату үшін мұнай өндіру үдерісін жақсартуға, сондай-ақ, ҚазМұнайГаз кенорындарында мұнай шығару коэффициентінің және қорының өсімін қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми-зерттеулерге жұмылдырылған.

«КазНИПИмұнайгаз» АҚ ғылыми қызметінде әріптестерімен ұзақ мерзімді және екі жақты тиімді іскерлік қатынастарды қамтамасыз ете отырып, ұсынған қызметінің мемлекетаралық стандарт талаптарына сай орындап келеді. Алға қойған басымдылықтарымыздың бірі орындалатын ғылыми-зерттеу  және жобалау жұмыстарының деңгейін халықаралық стандарттарға көтеру.

 

 «КазНИПИмұнайгаз» АҚ қызметінің негізгі бағыттары турасында тарқатып айтып өтсеңіз.

Әуелі, мекемемізге артылып отырған жауапкершіліктің оңай емес екендігін айта кеткен жөн. Әлемдік нарықтағы көмірсутектер бағасының тұрақсыздығы, көптеген мұнай кен орындарының ескіруі мен сулануы, өндіру көлемінің төмендеуі және басқа да әртүрлі факторлар ғылыми зерттеу институттарының алдына жаңа талаптар мен үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Нарықтағы өзгерістерді байқау, алдын ала көре білу және дер кезінде сәйкестендіру, құрылымдық өзгерістер жасау казір Институтта енгізілген трансформацияның негізгі міндеттерінің бірі. Сол себепті институт қызметін бірнеше жаңа бағыттармен толықтырдық. Атап айтсақ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобы үшін ғылыми-зерттеу және жобалау қызметін орындау, негізгі мақсат – мұнай, газдың өндіріс көлемін және қорын ұлғайту, мұнай кенорындарындағы шығынның тиімділігін арттыру. Интегральды мультипәндік командалар негізінде «жоспарлау, игеру және өнімділігін арттыру» бизнес-процесіне бағытталған басқарудың ұйымдық құрылымы енгізілді. Ірі кен игерушілермен ұзақ мерзімді келісім шарттар жасалды. Басты мақсат институт кірісін көбейту емес, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ кіретін жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс тиімділігін арттыру болып табылады.

Ғылымның дамуы өндірістің сапалық көрсеткіштерге жетуінің бірден бір кепілі. Соңғы кездері инновациялық техникалар мен технологиялар көптеп енгізілуде, мысалы көлденең ұңғымаларды бұрғылау, синтетикалық аса қатты материалдан жасалған қашауды қолдану, әлемге белгілі компьютерлік бағдарламалар негізінде геофизикалық зерттеулерді интерпретациялау, полимерлік суландыру әдісі қолдану т с.с.

 

Сіз басшылық ететін мекемеде елімізде баламасы жоқ зертханалық орталық бар екені және заманауи қондырғылармен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізілетіндігінен де хабардармыз. Осы турасында тарқатып айтып берсеңіз.

Мұнай-газ кен орындарын пайдалану барысында тұрақты түрде зерттеу және өндірілген өнімнің физикалық-химиялық қасиеттерін анықтау қажет. Осыған орай, институтта мамандандырылған ғылыми зертханалық орталықтың жемісті жұмыс жасап келе жатқандығын айтқым келеді. Аталмыш орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бүгінде мамандандырылған ғылыми орталықта төмендегідей зертханалар бар. Олар, жерасты кенін (керн) талдау және стандартты зерттеу зертханасы, фильтрациялық зерттеу зертханасы, шикі мұнай және мұнай өнімдерін зерттеу зертханасы, қабатты флюидтерді зерттеу зертханасы, қабатталған және айдалған суға зерттеу жасау зертханасы, биотехнология зертханасы, бұрғылау және тампонажды ерітінділер зертханасы.

Жақында ғана жерасты кенін (керн) талдау зертханасына кез келген күрделі зерттеулерді жүргізе алатын заманауи жабдықтармен толықтырдық, олар компьютерлік томограф, геомеханикалық зерттеулер жүргізілетін кондырғылар, тау жыныстарының литологиялық-минералогиялық сипаттамаларын және фильтрлік-көлемдік қасиеттері туралы деректер алуға арналған кондырғылар. Зертханалық зерттеулер бүгінгі таңда мұнай-газ кеніштерін игеру үдерісінде айрықша маңызға ие екендігін ескеретін болсақ, мекемемізге артылған сенімнің жоғары екендігін аңғару қиын емес.

        

Сіз басшылық ететін мекемедегі ғылыми мамандар туралы айта кетсеңіз. Институттың әлеуметтік саясаты жайында не айтасыз?

Ғылым саласындағы мамандардың біліктілігін тұрақты түрде дамытып отыру біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі. Білім мен ғылымның шарықтап дамуы жас мамандарға ғана жауапкершілікті артып отырған жоқ, сонымен қатар, бізде жұмыс істеп жатқан барша қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру қажеттігін айқындап отыр. Институтта ғылыми кадрлардың жетіспеушілігі инновациялық стратегияны жүзеге асырудағы басты мәселеге айналып отыр. Сондықтан инновациялық жобаларды жүзеге асыруда жоғары кәсіби білімді игерген мамандар қажет. Осы орайда, «КазНИПИмұнайгаз» АҚ үш бағыт бойынша кадр дайындау жұмысын жүргізіп отыр. Олар, жас мамандардың біліктілігін арттыру, мамандарды жоғары біліктілікке дайындау және қызметкерлердің біліктілігін арттыру мен қайта даярлау болып табылады. Институтта жас мамандардың біліктілігін көтеру үшін, сәйкес тесттерден өткен түлектерге арналған мамандандырылған курстар оқытылады. Бұл курстарды институттың тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары мамандары өткізеді және де олар теориялық білімін жетілдіріп қана қоймай, ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарына да тікелей араласып кетеді.  Институтта «Ғылыми мамандарды жоғары біліктілікке даярлау бағдарламасы» жұмыс істейді. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 7 қызметкер ғылыми дәрежесін қорғады. Қызметкерлердің біліктіліктерін көтеру мақсатында жұмсалатын қаржы жыл сайын артып келеді. 2016 жылдың өзінде 2 қызметкер 6 ай уақытқа АҚШ-қа барып, тәжірибе алмасып қайтты. Сонымен қатар, 34 инженер-техник жобалау және құрылыс процесіне қатысу үшін сертификат алды. Бір жыл көлемінде 274 маман біліктілікті арттыру бойынша оқытылды. Мекемеміз жемісті нәтижелерге жету жолында, әуелі, қызметкерлердің әлеуметтік ахуалына басты назар аударып отыр. Олардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында көптеген жобаларды жүзеге асырып келеміз. Әр тоқсан сайын арнайы сыйақылар беріліп отырады. Жыл сайын қаржылай көмек беру мен арнайы демалысқа жіберу жайы да назардан тыс қалмаған. Қызметкерлер жүйелі түрде медициналық тексеруден өтіп отырады.

Талай жыл мұнай саласына еңбегі сіңген маман ретінде елімізде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламарға қандай баға беретін едіңіз?

  Әрине, толықтай қолдаймын. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста, зауыттардың жабылып, өндіріс орындарының тоқтағандығы есімізде. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың батыл бастамаларының арқасында экономиканың барлық саласы жаңа серпін алып, дами түсті. Жемісті жобалардың арқасында елімізбен алып державалардың өзі санасатын болды.

Талай жауапты қызметтерді жауапкершілікпен атқарғандығымыздың арқасында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атандық. Астана төрінде ЭКСПО-2017 көрмесін өткізгелі жатырмыз. Бүгінгі бағындырған белестеріміз – батыл бастамалардың жемісі ғой.

Әңгіме өзегін өзіңізге қарай бұрсақ. Өмір және еңбек жолыңыз қалай өрбіді?

                                                                                 Мен 1972 жылы 21 қыркүйекте Қызылорда облысына дүниеге келдім. Қызылорда қаласындағы орта мектепті үздік тәмамдап, Қызылорда политехникумын  қызыл дипломмен аяқтадым. 1991-1996 жылдары Қазақ ұлттық техникалқ университетінде «Геологиялық зерттеу, іздеу және барлау» мамандығы бойынша оқып, «Тау-кен инженер геологы» біліктілігін алдым. 2010 жылы Халықаралық бизнес академиясын бітіріп, «Іскерлік-әкімшілік магистрі» дәрежесін қорғадым. Алғашқы еңбек жолым 1997 жылы «Южнефтегаз» АҚ екінші разрядты мұнай-газ операторы болудан басталды. Кейіннен, ұңғымаларды зерттеу бойынша инженерлік қызметтің бесінші разрядты аға операторы болып тағайындалып, еңбек жолымды жалғастырдым. 2000 жылы арнайы шақыртумен «Қуат Амлон Мұнай» ЖШС жұмысқа орналасып, далалық геолог, бас кеңсе геологы қызметтерін атқардым. 2003-2012 жылдары «Торғай Петролеум» АҚ жетекші геолог, даму департаментінің басшысы, бас геолог, барлау және өндіру жөніндегі директор болып еңбек жолымды жалғастырдым. 2012-2015 жылдары «РД ҚазМұнайГаз» АҚ бас геолог, бас директордың кеңесшісі, барлау және өндіру жөніндегі басқарушы директор қызметтерінде болдым. 2015 жылдың қаңтар айыннан бастап «КазНИПИмұнайгаз» АҚ портфельді басқару жөніндегі бас директордың бірінші орынбасары болып тағайындалдым.

Бүгінде аталмыш мекеменің бас директоры болып, ел дамуына өзіндік үлесімді қосып отырмын. Алдымызға қойылған мақсаттарға, күрделі және қауырт шешу керек істерімізге ұжым болып бірге жететінімізге сенімдімін. Осы ұжымның бір мүшесі екендігімді мақтан тұтам.

 

Сүбелі сұхбатыңыз үшін редакция тарапынан алғысымызды білдіреміз!

Сұхбаттасқан

Нұрлан Беркінбай

Возврат к списку

Республика Казахстан, 130000, Мангистауская область, г. Актау, 6 мкр, д. №2